Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіледі
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жүктемесін азайтып, ашық әрі әділ бағалау жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, осы бағытта Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бағалауға арналған арнайы бөлім құрылып жатыр. Жаңа бөлім бағалау жүйесін ғылыми және әдістемелік тұрғыдан жүйелеумен айналысады.
Министр бастауыш сынып мұғалімдері үшін тағы бір маңызды жаңалықты атады. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыштағы бағалау жүйесінен модерация ұғымы алынып тасталатын болды.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейінгі тәжірибеде модерацияның көп жағдайда формалды сипат алғанын және мұғалімдерге қосымша, шамадан тыс жүктеме түсіргенін анықтаған.
Сонымен бірге бастауыш сынып оқушыларының жазба, шығармашылық және бақылау жұмыстарына қатысты бағалау тәртібі де нақтыланады.
Қазақ тілі пәнінде диктант, мазмұндама, шығарма және басқа да шығармашылық жұмыстар қайта қаралып, бағалау жүйесіне енгізіледі. Ал математика пәнінен бақылау жұмыстары қайта енгізілмек.
Ең бастысы, әр жұмысты бағалау кезінде мұғалімнің субъективті көзқарасын азайту үшін нақты критерийлер әзірленеді.
Мәселен, диктантты қандай талаптар бойынша бағалау керек, мазмұндамаға қандай өлшемдер қойылады – мұның барлығы нақты көрсетіледі.
Осылайша, бастауыштағы жаңа бағалау жүйесі үш негізгі бағытты қамтиды: мұғалімнің жүктемесін азайту, оқушыны қолдау және ата-анаға түсінікті, ашық әрі әділ бағалау жүйесін қалыптастыру. Ал бірыңғай бағалау ұсынымдарын әзірлеу міндеті Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары мен әдістемелік бағыттағы мамандарға жүктеледі.