Руханият

Comic Con Astana жаңа рекорд орнатты

Comic Con Astana жаңа рекорд орнатып, 40 елден келген 76 мыңнан астам қонақты жинады.

6–9 тамыз аралығында Астанада Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі — Comic Con Astana 2026 өтті. Бесінші мерейтойлық фестиваль жоба тарихындағы ең ауқымды шараға айналды: елорданың екі ірі алаңында — Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында бір мезетте жүздеген іс-шара ұйымдастырылды.

2026 жылы Comic Con Astana 40-тан астам елдің өкілдерін біріктірді. Фестивальге Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Бразилия, Мексика, Индонезия, Италия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Кипр, Таиланд, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова және басқа да елдерден қатысушылар мен қонақтар келді. Астанаға танымал актерлер, суретшілер, косплеерлер, блогерлер мен контент авторлары жиналып, фестиваль тарихындағы ең ауқымды халықаралық құрамдардың бірі қалыптасты.

Фестиваль биыл да өз рекордтарын жаңартты. Comic Con Astana-ның алғашқы күнінің өзінде 16 мыңнан астам адам келді — бұл жоба тарихындағы бірінші күнге тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Төрт күн ішінде фестивальге 76 мыңнан астам қонақ қатысты.

Comic Con Astana тарихында алғаш рет фестивальге бірден төрт халықаралық хэдлайнер қатысты. Олардың қатарында «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған Николай Костер-Вальдау, Peaky Blinders сериалында Артур Шелбиді сомдаған Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар болды. Актерлер жанкүйерлермен Q&A-сессияларда кездесіп, автограф және фотосессияларға қатысып, Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті.

«Кез келген ел туралы алғашқы әсерді адамдар қалыптастырады. Қазақстанда мені өте жылы қарсы алды. Мұндағы адамдар ашық-жарқын әрі мейірімді екен. Маған Қазақстанның табиғаты түсірілген суреттерді де көрсетті — ғажайып жерлер екен. Енді оларды өз көзіммен көру үшін міндетті түрде қайта келуім керек. Әсіресе Маңғыстауды көргім келеді», — деді Николай Костер-Вальдау.

Актер Қазақстанға келу «эстафетасын» жазушы әрі сценарист, A Song of Ice and Fire романдар циклінің авторы Джордж Р. Р. Мартинге табыстауға уәде берді.

Фестивальге британдық актер Пол Андерсон да жоғары баға берді.

«Мен қандай болсам, сондаймын — жасандылық танытып, бірдеңені ойнап көрсету қолымнан келмейді. Әдетте алған әсерімді ашық айтамын. Сондықтан шын көңіліммен айта аламын: бұл — мен қатысқан Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі», — деді актер.

Хэдлайнерлерден бөлек, Comic Con Astana 2026 фестиваліне арнайы қонақ ретінде танымал блогерлер, суретшілер, косплеерлер мен контент авторлары да келді. Олардың қатарында Jay Kim, Кирилл Соеров, Даня Крастер (SuperCrastan), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред, Паоло Панталена, Аня Хахадетка, Ten Yujin, Domer Grief, Nowkie және басқалары бар. Төрт күн бойы Алау мұз сарайында Жұлдыздар аллеясы жұмыс істеп, жанкүйерлер фестиваль қонақтарымен кездесіп, қолтаңба алып, естелік суретке түсе алды.

Comic Con Astana фестивалінің басты міндеттерінің бірі — Қазақстандағы креативті қауымдастықты қолдау және кеңінен таныту. Фестиваль жас суретшілерге, косплеерлерге, иллюстраторларға, авторларға, әзірлеушілер мен цифрлық контент жасаушыларға өз жобаларын кең аудиторияға таныстырып, индустрия өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

2026 жылы осындай жобалардың бірі киберпанк эстетикасын, жасанды интеллект технологияларын және Ұлы дала мәдениетінің сарындарын тоғыстырған Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі болды.

Көрермендерге Тенгрида туралы үш минуттық AI-анимациялық эпизод алғаш рет көрсетілді. Тенгрида — адамдарға ақиқатты көре білу қабілетін қайтарып, әділдікті қалпына келтіру үшін кибер-аренаға шығатын кейіпкер.

Фильмнің авторларының бірі әрі Тенгрида кейіпкерін жасаған алматылық косплеер Аружан Жунусова (Aruvibez). Ол Тенгриданы алғаш рет дәл Comic Con Astana 2025 фестивалінде таныстырған. Көрермендердің қызығушылығына ие болған бұл кейіпкер кейін Tengrida: Cyber Steppe атты жеке авторлық әлемді дамытуға негіз болды. Жобаның келесі кезеңі — Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу.

Тенгрида оқиғасы Comic Con Astana фестивалінің маңызды қырларының бірін көрсетеді: фестиваль дайын жобаларды таныстыратын алаң ғана емес, жаңа шығармашылық идеялар өз аудиториясын тауып, әрі қарай дамуға мүмкіндік алатын ортаға да айналып отыр.

Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі басты оқиғаларының бірі — халықаралық косплей байқауы. Әртүрлі елдерден келген косплеерлер Бас сахнада өз кейіпкерлерін таныстырды. Олар хореографиялық нөмірлер қойып, кейіпкерлері қолданатын қаруды меңгеру шеберлігін көрсетті, тіпті тұтас қойылымдар ұсынды.

Косплей байқауының халықаралық қазылар алқасының құрамына косплей индустриясының танымал өкілдері — Kamui Cosplay, Leon Chiro, Эмилия Grafomanka, Zakos Snowman, Таис Туканова, Sazura және Анна Bricks кірді. Байқаудың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.

Бұдан бөлек, Comic Con Astana 2026 бағдарламасында музыкалық бөлім де болды. Соның аясында оңтүстіккореялық K-pop тобы Kandis өнер көрсетті.

 

Фестиваль продюсері Наталья Абрашкина Comic Con Astana алғаш ұйымдастырыла бастаған кезде елорда үшін көп жағынан тәжірибелік жоба болғанын атап өтті:

«Осы жылдар ішінде Comic Con Astana-ның қатысушылары мен қонақтарының саны ғана артқан жоқ — гик-мәдениетке деген көзқарас та өзгерді. Бүгінде ол заманауи қала мәдениетінің бір бөлігіне айналып, жасы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды тоғыстыратын орта қалыптастырды».

Фестивальдің осындай ауқымды бағдарламасының артында үлкен ұжымның еңбегі тұр. Ұйымдастыру штабының қызметкерлері мен павильондарды құруға, алаңдарды дайындауға қатысатын мамандардың өзі шамамен 500 адам. Ал мердігерлер мен басқа да мамандарды қосқанда, жоба мүшелерінің саны шамамен үш есе артады.

«Comic Con — төрт күндік фестивальмен ғана шектелмейді. Оның артында айлар бойғы дайындық пен көптеген маманның еңбегі тұр. Біз жыл сайын дәл осы Қазақстанда халықаралық деңгейдегі іс-шара өткізуге және сонымен қатар авторларымызға, суретшілерге, косплеерлерге және креативті индустрияның өзге де өкілдеріне дамуға мүмкіндік беруге тырысамыз», — деді фестиваль директоры Бексултан Абдрахманов.

Осылайша, алғашында елорда үшін жаңа формат болған Comic Con Astana жылдар өте Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестиваліне әрі Қазақстанның ең танымал мәдени брендтерінің біріне айналды.

Қала әкімдігінің жүйелі қолдауының арқасында фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде дамып келеді. Бүгінде Comic Con Astana креативті индустрия мен оқиғалық туризмнің дамуына үлес қосып, елорданың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға ықпал етуде. Фестиваль мәдени бастамалардың уақыт өте халықаралық маңызы бар ірі оқиғаға айнала алатынын көрсетіп келеді.  

Мерейтойлық Comic Con Astana жаңа рекордтармен аяқталды. Дегенмен фестивальдің басты жетістіктерінің бірі — онымен бірге жылдан-жылға өсіп келе жатқан қауымдастық. Бүгінде Comic Con заманауи мәдениет жанкүйерлерін, әлемдік жұлдыздарды және қазақстандық креаторлардың жаңа буынын бір ортаға біріктіреді. Олар үшін фестиваль өз жобаларын таныстыруға, кәсіби байланыс орнатуға және кең аудиторияға шығуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Айта кетейік, 2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында BIGBON, Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, Chupa Chups және басқа да жергілікті әрі халықаралық брендтер бар.