Сүйікті суперқаһарманның жаңа оқиғасы көрерменді әсерлі экшнмен ғана емес, Питер Паркердің ішкі жан дүниесін тереңірек ашуға ұмтылған драмалық желісімен де баурайды.
Бұл жолы режиссер Дестин Дэниел Креттон көрерменді бұрынғыдай ғаламдық апаттармен емес, адам тағдырының ауыр салмағымен бетпе-бет қалдырады. Том Холланд сомдаған Питер Паркер бұрынғыдан да шынайы көрінеді. Ол – жеңіске жеткен қаһарманнан гөрі, өмірдің ауыр сынақтарымен жалғыз күресіп жүрген жас жігіт. Тони Старк секілді қамқор тәлімгері жоқ, әр шешіміне өзі жауап береді, әр қатесін өзі түзейді. Дәл осы ерекшелік кейіпкерді комикстердегі түпнұсқа бейнесіне барынша жақындата түскендей.
Фильмнің экшн көріністері жоғары деңгейде түсірілген. Өрмекші адамның қала көшелерімен өрмек торына жармасып қалықтауы бұрынғы бөлімдердегідей әсерлі болғанымен, бұл жолы көріністердің техникалық дәлдігі мен ұсақ детальдарға ерекше мән берілгені байқалады. Комикстердің культтік мұқабаларына жасалған ишаралар, трюктердің орындалуы және кадр ішіндегі ұсақ элементтердің өзі жанкүйерлер үшін қызықты жаңалықтарға толы. Том Холландтың өзі кейіпкерді сомдау барысында бұрынғы экрандық нұсқалардан бөлек, ең көп шабытты дәл Өрмекші адам туралы бейнеойындардан алғанын айтқан.
Питер Паркердің басты ерекшелігі – оның трагедиялық болмысы. Ол зор күшке ие, Нью-Йорк тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленгенімен, жан дүниесінде жалғыздықпен күресіп келеді. Фильм осы ішкі қайшылықты әсерлі жеткізіп, суперқаһарман туралы оқиғаны адам тағдыры жайлы драмамен ұштастыра алған. Картинаның коммерциялық жетістігі де көп күттірмеді. Алғашқы демалыс күндерінің өзінде «Өрмекші адам: Жаңа күн» әлемдік прокаттан 932 миллион доллар жинап, жылдың ең табысты жобаларының біріне айналды. Marvel Studios президенті Кевин Файги бұл жетістікті кейіпкердің мәңгілік танымалдығымен қатар, Том Холландтың актерлік шеберлігімен байланыстырды. Оның пікірінше, дәл Холланд секілді актердің Питер Паркер бейнесіне сай келуі – фильмнің басты табыс құпияларының бірі.
Бұл туынды – Том Холланд қатысқан Өрмекші адам туралы төртінші жеке фильм. Картинада оған Зендея, Сэди Синк, Джон Бернтал және Джейкоб Баталон серіктес болған. Франшизаның алдыңғы бөлімі – «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» әлемдік прокатта 1,91 миллиард доллар табыс тапқан еді.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 31 шілдеде өтті. The Hollywood Reporter мәліметінше, картинаның өндірісіне 225 миллион доллар жұмсалса, Deadline басылымы жарнамалық науқанның құны 309 миллион долларға жеткенін хабарлады. Айта кетерлігі, фильмнің жарнамалық роликтерінің біріне әлемге әйгілі футболшы Лионель Месси де қатысқан.
Қорытындылай айтқанда, «Өрмекші адам: Жаңа күн» – тек кезекті суперқаһармандық блокбастер емес. Бұл – өз болмысын, жауапкершілігін және жалғыздығын арқалаған Питер Паркердің жаңа қырын ашқан, көрерменге әсерлі экшнмен қатар терең эмоция сыйлайтын фильм. Сондықтан Marvel жанкүйерлері үшін ғана емес, сапалы киноны бағалайтын көрермен үшін де бұл туындыны көруге толық негіз бар.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






