Экономика

Кредитті ерте жапсаңыз, айыппұл төлемейсіз: қарыз алушыларға маңызды өзгеріс

Кредитін мерзімінен бұрын жапқысы келетін қазақстандықтар банкке немесе микроқаржы ұйымына айыппұл төлеуге міндетті емес. Бұл мүмкіндік тек жаңа несие алғандарға емес, бұрын жасалған қарыз шарттарына да қатысты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиті бар азаматтарға осы және өзге де маңызды құқықтарын түсіндірді.

2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, жеке тұлғалар банктік қарыз немесе микрокредитті кез келген уақытта толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл үшін айыпақы немесе өзге де санкция алынбайды.

Кредитті ерте жабудың қандай пайдасы бар?

Қарызды мерзімінен бұрын өтеу кредит бойынша артық төлемді азайтуға мүмкіндік береді. Себебі негізгі қарыз неғұрлым ерте азайса, алдағы кезеңде есептелетін сыйақы көлемі де қысқарады.

Кредитті бірден толық жабуға қаражатыңыз жетпесе, ішінара мерзімінен бұрын өтеуге болады. Мұндай жағдайда, әдетте, екі нұсқа ұсынылады:

ай сайынғы төлемді сол күйінде қалдырып, кредит мерзімін қысқарту;

кредит мерзімін сақтап, ай сайынғы төлемді азайту.

Егер мақсат – кредиттен тезірек құтылып, артық төлемді барынша азайту болса, мерзімді қысқарту тиімді болуы мүмкін. Ал ай сайынғы қаржылық жүктемені жеңілдету маңызды болса, төлем мөлшерін азайтуға болады.

Ақшаны шотқа салып қою жеткіліксіз болуы мүмкін

Агенттік маңызды бір жайтқа назар аударды. Банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімінен бұрын өтеудің өз рәсімдерін белгілей алады. Мысалы, қарыз алушыдан өтініш беру талап етілуі немесе ақшаны есептен шығаратын арнайы күн белгіленуі мүмкін.

Сондықтан қосымша ақша салмас бұрын банкке хабарласып, оның нақты мерзімінен бұрын өтеуге бағытталатынына көз жеткізген жөн.

Сондай-ақ кредитордан қарыздың қалай қайта есептелетінін, қаражаттың қашан есептен шығарылатынын және сақтандыру болған жағдайда оның пайдаланылмаған бөлігі қайтарылатынын нақтылау қажет.

Ипотеканы толық мерзімінен бұрын жапқан азаматтарға мүлік кепілі бойынша ауыртпалықты алып тастау тәртібін де алдын ала білген дұрыс.

Ескі кредиттерге де қатысты

Ең маңыздысы – айыпақысыз мерзімінен бұрын өтеу құқығы 2025 жылғы 31 тамыздан кейін алынған кредиттермен шектелмейді. Агенттіктің түсіндіруінше, бұл норма барлық қолданыстағы қарыз шарттарына, соның ішінде заңнамалық өзгерістер күшіне енгенге дейін жасалған шарттарға да қолданылады.

Осылайша, жеке тұлға бұрын алған кредитін де кез келген уақытта толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеп, бұл үшін айыппұл төлемеуге құқылы.

Агенттік сонымен қатар кредитке барлық бос қаражатты жұмсамас бұрын қаржылық жағдайды бағалауға кеңес береді. Өйткені қарызды тезірек жабу артық төлемді азайтқанымен, күнделікті және күтпеген шығындарға қажетті қаржы қорынсыз қалу тәуекелі бар.