Әлеумет

Діни алауыздықты қоздыру белгілері бар мәлімдеме жасаған ақсақалға қылмыстық із қозғалды

Ақсақал тойда әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған болатын.

Түркістан облысында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тойда діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар мәлімдеме жасаған 66 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азамат көпшілік алдында әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атап, «шариғат заңы бойынша» әйелдер мен еркектер бөлек отыруы тиіс деген пікір білдірген.

«Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заң бұзушылық белгілері бар кез келген көпшілік алдындағы мәлімдемелерге принципиалды құқықтық баға беріледі», – деп айтып өтті полиция өкілдері.

Бұған дейін аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Алдымен әнші Роза Әлқожа тойда тілек айтқан қонақтың өнер адамдарын кемсіткеніне наразылық білдірсе, кейін Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікір білдіріп, елде бірінші орында діни шектеулер емес, Конституция мен заңдар тұруы тиіс екенін атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми мәлімдеме жасап, Ислам дінінде өнер өкілдері мен әйелдерді бұлайша жалпылама айыптауға болмайтынын, ал діни мәселелерде тек білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйену қажеттігін ескертті.