Wildberries: қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны өтеле ме: Арман Шаққалиев не дейді
- авторОймақ
- 4 тамыз, 2026
- 128
Ресейдегі Wildberries логистикалық қоймасында болған өрттен кейін қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны қалай өтеледі? Бұл мәселеге Қазақстан тарапы қандай деңгейде араласуы мүмкін? Журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен мемлекет тарапынан қандай құқықтық немесе дипломатиялық тетіктер қарастырылып жатқанын сұраған еді.
Министрдің айтуынша, оқиға Қазақстан аумағында болмағандықтан, мұндай жағдайда мемлекет қолдана алатын құқықтық тетіктер шектеулі. Сондай-ақ қазіргі уақытқа дейін ведомствоға қазақстандық кәсіпкерлерден ресми өтініш түспеген.
«Шабуыл жасалғанда біз сақтандыру сияқты құралдарды пайдалана алмаймыз. Бұл оқиға басқа мемлекет аумағында болғандықтан, біздің заңнамада мұндай жағдайға қатысты қандай да бір құралдар немесе ережелер жоқ. Біз өз кәсіпкерлерімізге осы жағдайда қандай көмек көрсете аламыз деген мәселеге келсек, егер кәсіпкер осындай жағдайда жұмыс істеп жатса, Ресей аумағында тауарды сақтандыру немесе басқа сақтандырылған қоймаларды пайдалану қажет. Ресми түрде бізге бұл мәселеге қатысты ешқандай арыз түскен жоқ», – деді Арман Шаққалиев.
Qaz365.kz тілшісі министрден мұндай жағдайда жауапкершілік толықтай кәсіпкерлердің мойнында қала ма және Қазақстан тарапы Wildberries немесе Ресей тарапымен дипломатиялық деңгейде мәселе көтеруді жоспарлап отыр ма деген сауал қойды.
Министр мемлекет өз құзыреті шегінде әрекет ететінін, алайда мұндай дауларда кәсіпкер мен маркетплейс арасында жасалған келісімшарт талаптарының шешуші рөл атқаратынын айтты.
«Мемлекет тарапынан қолымыздан келетін барлық құралдарды пайдаланамыз. Бірақ жеке жауапкершілікке келер болсақ, кәсіпкерлер Wildberries-пен келісімшартқа қол қойған кезде бұл шарттардың барлығы келісімшартта анықталған», – деді министр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





