Әлем

Тарихта алғаш рет адам Балтық теңізін жүзіп өтті

Польшалық ультрамарафоншы Бартломей Кубковский Балтық теңізін Швециядан Польшаға дейін жүзіп өтіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол ашық теңізде 55 сағатқа жуық уақыт өткізіп, 160 шақырымнан астам қашықтықты бағындырған.

Кубковский 31 шілде күні Швецияның Косеберга елд мекенінен жолға шығып, 2 тамыз кешке Польшаның Дзивнув жағалауына жетті. Осы уақыттың бәрінде ол бір сәт те ұйықтамаған және демалмаған.

Мұндай ультрамарафон ережесі бойынша спортшыға жанындағы қайыққа қол тигізуге немесе жағалауға шығуға болмайды. Әйтпесе нәтиже есепке алынбайды. Сондықтан тамақ пен сусын оған арнайы ұзын құрал арқылы қайықтан беріліп отырған.

Жағалауға небәрі 1,5 шақырым қалғанда спортшы қатты әлсіреген. Шамадан тыс шаршаған ол мәрені көрмей қалып, командасынан қанша қашықтық қалғанын бірнеше рет сұраған.

Бір сәтте Кубковский:

“Бұдан әрі жүзуге күшім қалмады”, – деген.

Алайда жанындағы команда оны жігерлендіріп, соңғы күшін жинауға көндірген. Жарты сағаттан кейін ол жағалауға жетіп, тарихи жүзуді сәтті аяқтады.

Рекордтық жүзу кезінде спортшы:

160 шақырымнан астам қашықтықты жүзіп өтті;

суда 55 сағатқа жуық уақыт болды;

бір минут та ұйықтамады;

жанындағы қайыққа қол тигізбеді;

суық су, толқын және қатты ағыспен күресті.

Бұл Кубковскийдің Балтық теңізін бағындыруға жасаған бесінші талпынысы еді.

2022 жылы ол 115 шақырымнан кейін ауа райының бұзылуына байланысты тоқтаған. 2023 жылы 117 шақырым жүзіп, тағы да қолайсыз ауа райына тап болған. 2024 жылы қатты ағыс пен теңіз ауруы кедергі келтірсе, 2025 жылы мәреге 11 шақырым қалғанда есінен танып қалған.

Ал 2026 жылғы талпынысы сәтті аяқталып, ол Балтық теңізін жүзіп өткен алғашқы адам атанды.

Жүзу қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылды

Ultra Baltic Swim 2026 спорттық шарасымен қатар қайырымдылық мақсатты да көздеді.

Жүзу кезінде онкологиялық дертке шалдыққан балалар мен жастарға көмектесетін Cancer Fighters қорына қаражат жиналды. Спортшы мәреге жеткен сәтте жиналған қаржы көлемі 560 мың злотыйдан асқан.

Қазір тағы бір польшалық спортшы Каролина Щепаняк Балтық теңізін жүзіп өтуге талпынып жатыр. Егер ол мәреге жетсе, мұндай қашықтықты бағындырған алғашқы әйел атанбақ.