Қоғам

Вьетнамда "далада қалған" туристердің мәселесі бір күнде шешілді

Туристер әлеуметтік желіде бірден пікір білдірмеуінің себебін де түсіндірді.

Вьетнамда қонақүйсіз қалған қазақстандық туристердің мәселесі бір күн ішінде шешілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Вьетнамда демалып жүрген қазақстандық туристердің алғашқы күні күтпеген жағдаймен басталғанымен, мәселе жедел шешімін тапты. Бұл туралы әлеуметтік желіде Лейла есімді оқырман бөлісті.

Оның айтуынша, төрт отбасы, барлығы сегіз адам Kaspi Travel арқылы Вьетнамға тур сатып алып, Нячанг қаласындағы алдын ала брондалған қонақүйге келген. Алайда қонақүй әкімшілігі нөмірлердің ақысы төленбегенін айтып, бронь күшін жойғанын хабарлаған. Осыдан кейін туристер бірнеше сағат бойы қонақүйге орналаса алмай, мәселенің шешілуін күткен.

Лейланың сөзінше, жағдай белгілі болғаннан кейін Kaspi.kz, Kaspi Travel және Compass Tour компаниялары мәселені бірлесіп шешуге кіріскен. Осы кезде Compass Tour компаниясының оперативтік директоры Ермек есімді қызметкер жағдайды өз бақылауына алған.

Оның айтуынша, компания алғашқы күндегі қолайсыздықтың орнын толтыру үшін қосымша демалыс бағдарламасын ұйымдастырған. Туристерге түскі ас ұсынылып, бірнеше туристік орынға тегін экскурсия жасалған.

Лейла әлеуметтік желіде бірден пікір білдірмеуінің себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе толық шешілмей тұрып жұртшылықты алаңдатқысы келмеген.

Осылайша, алғашқы күні туындаған қолайсыздықтарға қарамастан, туристердің мәселесі бір күн ішінде шешіліп, олар демалыстарын жалғастырып жатыр. Лейла мәселені шешуге атсалысқан компаниялардың жедел әрекетіне алғысын білдіріп, қазіргі таңда демалыстарының қалыпты жалғасып жатқанын жеткізді.