Әлеумет

Аймағамбетов ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарды лицензиялау керегін айтты

Бірыңғай талаптар болуы қажет деп есептейді.

Асхат Аймағамбетов ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсететін түзету және дамыту орталықтарын лицензиялау мәселесін қоғам талқысына шығарды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Құрылтай сайлауына үміткер, экс-депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше балаларға көмек көрсететін орталықтарды лицензиялау қажет пе деген сауал қойып, мұндай ұйымдарға бірыңғай міндетті талаптар енгізу туралы пікір білдіруге шақырды.

Жазбаға аз уақыт ішінде көптеген пікір жазылып, халықтың көбі лицензиялау жүйесін қолдайтынын жеткізді.

Пікір қалдырғандардың басым бөлігі ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтарға міндетті лицензия енгізуді, мамандардың біліктілігіне бірыңғай талап қоюды және қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде бақылауды ұсынған.

Ата-аналар мен мамандардың айтуынша, лицензиялау ерекше балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қызмет көрсететін мамандардың кәсіби даярлығын тексеруге және көрсетілетін қызмет сапасына ортақ стандарт қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, лицензиялаумен қатар мемлекеттік түзету кабинеттері мен ПМПК жұмысына да өзгеріс қажет екені айтылды. Кейбір ата-аналар мемлекеттік орталықтардағы орын тапшылығы, диагноз қоюдағы мәселелер мен қызметтің қолжетімділігіне қатысты өз тәжірибесін бөлісті. Сондай-ақ жекеменшік орталықтардың бағасы жоғары болғанымен, нәтижеге жұмыс істейтінін айтқан пікірлер де кездесті.

Ал бірқатар қолданушылар лицензиялау артық бюрократияға айналмауы тиіс екенін алға тартып, негізгі назар қызмет сапасы мен ашық бақылауға аударылуы қажет деп отыр. 

Айта кетейік, Қазақстанда инклюзивті білім беру мен ерекше балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселесі соңғы жылдары бірнеше рет көтеріліп келеді. Бұған дейін де Асхат Аймағамбетов ерекше балаларға арналған ұйымдардың санын көбейту және олардың жұмысына қойылатын талаптарды жетілдіру қажеттігін айтты.