Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Межелі дәліз +/- 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл шешім жылдық инфляцияның баяулауын ескере отырып қабылданған.
«Қабылданған шешім жылдық инфляцияның төмендеуін ескереді және ақша-кредит шарттарының қатаңдық дәрежесін пропорционалды түрде түзетуге мүмкіндік береді. Шешім фискалдық консолидацияны жүйелі іске асыру және бюджеттің бекітілген параметрлерін, Ұлттық қордан берілетін трансферттерді сақтау болжамына негізделген», – делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, елде жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан төмендеп, маусым айында 10,3%-ды құрады. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендесе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Инфляцияның бәсеңдеуіне жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы және тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы ықпал етуде.
Айта кетейік, Ұлттық банк бұған дейін маусым айының басында базалық мөлшерлемені жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендеткен болатын. Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 4 қыркүйекте жарияланады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






