Трамп FIFA басшысын БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы ретінде көргісі келеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантиноның Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қызметіне лайық кандидат екенін айтты.
New York Post басылымының дереккөздеріне сүйенсек, Трамптың пікірінше, Инфантино әлемдік деңгейде үлкен құрметке ие әрі адамдарды біріктіре алатын қабілеті бар.
Алайда басылым FIFA президентінің өзі БҰҰ Бас хатшысы лауазымына қызығушылық таныта ма, жоқ па, әзірге белгісіз екенін жазады.
Мақалада Трамп пен Инфантиноның қарым-қатынасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының АҚШ аумағында өтуіне дайындық кезінде жақындай түскені айтылған.
Соңғы уақытта Инфантино АҚШ президентіне бірнеше мәрте қолдау білдірген. Мәселен, 2025 жылдың желтоқсанында ол Трампқа FIFA ұйымы бір ай бұрын тағайындаған Бейбітшілік сыйлығын табыстаған болатын. Басылымның жазуынша, осыдан кейін Трамптың Инфантиноға деген ықыласы арта түскен.