Қазақстанда мұнай өндіру неге төмендеді? Энергетика министрі түсініктеме берді
- авторОймақ
- Бүгін, 07:55
- 33
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өндіріс көлемін ұлғайту үшін ірі мұнай өндіруші компаниялармен жұмыс жүріп жатқанын айтты.
«Біз қазір ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіруді көбейту тетіктерін талқылап жатырмыз. Бұған дейінгі төмендеуді өтеу мақсатында Қашаған кен орнындағы жоспарлы профилактикалық жөндеу мерзімі кейінге шегерілді. Соның арқасында шамамен 2 млн тонна қосымша мұнай өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар ел бойынша өндірістегі жалпы шығын көлемі 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқарды», – деді министр.
Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралар 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған 98 млн тонна мұнай өндіру көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс.
Министр мұнай өңдеу саласындағы ахуалға да тоқталды.
«Алты айдың қорытындысында елімізде 8,98 млн тонна мұнай өңделді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 97,9 пайызды құрайды», – деді Ерлан Ақкенженов.
Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, жыл қорытындысында Қазақстанда 18,2 млн тонна мұнай өңделеді деп күтіліп отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




