Air Astana әуе компаниясы Дубаймен арадағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіреді. Астана мен Алматы қалаларынан Біріккен Араб Әмірліктеріне бағытталған тұрақты рейстерді 2026 жылғы 15 шілдеден бастап жалғастырмақ. Бұл жөнінде әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Әуе компаниясы Таяу Шығыстағы қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Шекаралас аймақтардағы қауіп деңгейіне қарай ұшу кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін.
«Авиакомпания өңірдегі оқиғалардың дамуын бақылап отырады және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ұшу кестесін түзетуі мүмкін, сондай-ақ қосымша өзгерістер болған жағдайда жолаушыларды хабардар етеді», – делінген компания таратқан ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетсек, 12 шілдеде Air Astana Біріккен Араб Әмірліктерімен әуе қатынасын уақытша тоқтататынын жариялаған болатын. Ақпан айынан бастап АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қимылдардың салдарынан Дубайға бағытталған рейстер бірнеше рет кейінге шегеріліп, тоқтатылды. Кейінірек әуе тасымалдаушысы 20 маусымнан бастап Алматыдан, ал 10 шілдеден бастап елордадан тұрақты ұшуды қалпына келтірген еді. Иранның әуе кеңістігі жабық болуына байланысты қазіргі уақытта ұшақтар Пәкістан аумағы арқылы айналып ұшуға мәжбүр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





