Әлеумет

"Ол мені аяған жоқ": жол апатынан аман қалған қыздың жанайғайы

Сабинаның емтиханнан шыққан сәті таспаға кездейсоқ түсіп қалыпты.

Оқыста жол апатына ұшырап, мүгедек болып қалған оралдық Сабина Ищанова әділдік іздеп жүр. Ауыр жүк көлігінің астында қалған қыз бұл жайтқа жүргізушіні кінәлайды. Бірақ көлік иесі рақымшылыққа ілігіп, жазасы жеңілдеген. Көптеген ауыр отаны басташ кешірген бойжеткен кінәлі адам әділ жазасын алсын дейді. Қазіргі таңда жәбірленуші тарап аппеляциялық сотқа шағымданды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Сабинаның емтиханнан шыққан сәті таспаға кездейсоқ түсіп қалыпты. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда, оны ауыр жүк көлігі жылдамдығын тоқтатпастан, басып өткен.

Алғашында дәрігерлер қыздың екі аяғын да кесеміз депті. Кейін тәуекел етіп шашылған сүйектерін қайта жинап шыққан. Бірақ Сабинаның өздігінен жүріп-тұруы әлі қиын.

Сабина ауыр халде жатқасын, сот онлайн форматта өткізіліп, жүргізуші екі жылға сотталған. Бірақ көп кешікпей рақымшылыққа ілігеді. Жазадан осылай құтылған ол өтемақыға небары 43 мың теңге төлепті. Қыздың туыстары мұнымен келіспейді.

Сот бұған қатысты телеарнаға ақпарат беруден бас тартты. Айтуынша, нақты шешім апелляциялық сот отырысында шығарылады.

Сабинаның ендігі арманы - аяғының жыртылған терісін қалпына келтіру үшін Оңтүстік Кореяда пластикалық операция жасату. Бұған кемі 20 миллион теңге керек. Алайда емі мен күтіміне дәрі таппай қиналып жүрген қызда мұндай қаржы жоқ.