Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы өмірден өтті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның мәдениет қайраткері, халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызының дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, барша шәкірттері мен зиялы қауым өкілдеріне, туған халқына қайғырып көңіл айтады.
"Төрткен Кененқызы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға арнаған тұлға еді. Ол ұзақ жылдар бойы білім беру саласында табанды еңбек етіп, талай шәкірттің бойына ана тілі мен әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік дарытты.
Халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың перзенті ретінде әке аманатына ерекше адалдық танытты. Кененнің ән-жырларын жинап, зерттеп, кейінгі буынға жеткізуге өлшеусіз үлес қосты.
Төрткен Кененқызының өнегелі өмірі, ұстаздық ұлағаты, өнерге деген адалдығы мен ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі кейінгі буын үшін әрдайым үлгі-өнеге. Асылдың сынығы болған ардақты ананың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!"- деп жазылды министрлік хабарламасында.