Мемлекет басшысы Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға құттықтау жолдады
Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оны Шалкөде жайлауында өткен «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалінің салтанатты ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.
Президент құттықтауында осы қасиетті мекеннен ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғалардың шыққанына тоқталып, бүгінде аудан халқы еліміздің ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салаларының дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өткен.
Мемлекет басшысы сондай-ақ өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, аудан тұрғындарына бақ-береке, толағай табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тілеген.
Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған шаралар легі үш күн бойы жалғасты. Мерейтой аясында ғылыми-танымдық конференциялар, республикалық айтыс пен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлан-асыр той Шалкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалімен қорытындыланды.