Қоғам

Жанәбіловтен тәркіленген көліктер мемлекеттік мекемелерге берілді

Электронды сауда-саттық 7 шілде күні сағат 10:00-де өтті.

Сотталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген сегіз Hyundai Elantra автокөлігі электронды сауда-саттық қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың теңгеріміне берілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Электронды сауда-саттық 7 шілде күні сағат 10:00-де өтті. 2025 жылы шығарылған әрбір автокөліктің бастапқы құны 8,4 миллион теңге болып бағаланды.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, сауда-саттыққа тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар ғана қатыса алды.

Сонымен қатар, автокөліктердің нақты қай мемлекеттік органдарға берілгені туралы ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, 2026 жылдың сәуір айында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды. Олар 214-бап («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бап («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») бойынша сотталды.

Сот Ерболат Жанәбіловке екі жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі және оның мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.

Ал Эльмира Төлегенова екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтеуге сотталды. Сонымен бірге оның кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды.