Қоғам

Жоғалған туристер 4317 метр биіктіктен табылды

Қыздарға медициналық көмек қажет болмады.

Алматы тауларында жоғалып кеткен екі турист қызды Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман-есен тапты.

Түнгі уақытта 112 қызметіне Сәтбаев шыңына көтерілген 2007 және 2008 жылы туған екі қыздың белгіленген мерзімде оралмағаны және байланысқа шықпай жатқаны туралы хабарлама түскен. Соңғы рет олардың орналасқан жері күндіз шың маңында тіркелген.

Хабарлама түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Құтқарушылар Үлкен Алматы көлі ауданынан Сәтбаев шыңы бағыты бойынша биік таулы маршрутты тексеруге кірісті.

Іздестіру барысында турист қыздар теңіз деңгейінен 4317 метр биіктікте орналасқан Сәтбаев шыңы маңындағы кемпинг аумағынан табылды. Құтқарушылар оларды қауіпсіз жерге дейін алып түсіп, жағдайларын тексерді.

Операция сәтті аяқталды. Қыздардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген, медициналық көмек қажет болған жоқ.