Қоғам

Жекеменшік мектептердегі заң бұзушылықтар анықталды

Министрлік бұл тексеру жұмыстарын мамыр айында аяқтаған.

Қазақстандағы жекеменшік мектептерде жүргізілген аудит нәтижесінде 13 миллиард теңгеден астам соманың қаржылық заң бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Министрлік бұл тексеру жұмыстарын мамыр айында аяқтаған. Дәурен Темірбековтің айтуынша, қазіргі уақытта мамандар анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар әзірлеп жатыр, олар орындалуы үшін барлық мүдделі тараптарға, соның ішінде Қаржы орталығы мен Оқу-ағарту министрлігіне жолданады.

Ведомство басшысының орынбасары жекеменшік білім ошақтарында ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарды да атап өтті. Анықталған негізгі кемшіліктердің қатарында оқушылар санын қолдан көбейтіп көрсету, мемлекеттік тапсырыс қаражатын мақсатсыз жұмсау, жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасы туралы құжаттарды қолдан жасау, сондай-ақ ғимаратты реконструкциялаудың орнына жай ғана жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты фактілер бар.