Жаңа алаяқтық схемалары пайда болды
Ұлттық банк ескерту жариялады.
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертіп, бейтаныс адамдарға ұялы телефондарын бермеуге шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар халық көп жиналатын орындарда «шұғыл қоңырау шалу керек» деген сылтаумен телефон сұрап алып, банк қосымшалары арқылы ақша аударуы немесе құрылғыға қашықтан басқаруға арналған арнайы бағдарламаларды жасырын орнатып жіберуі мүмкін. Мұндай қосымшалар арқылы қаскөйлер телефонды толық бақылауға алып, SMS-кодтарға, банк сервистеріне және жеке деректерге қол жеткізеді.
Сондай-ақ соңғы уақытта өзін фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, «портфолио үшін тегін фото немесе видео түсіріп беремін» деп азаматтардың биометриялық деректерін жинайтын алаяқтар көбейген. Бұл материалдар кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасауға немесе туыстарының атынан жалған хабарлама тарату сияқты алаяқтық әрекеттерге пайдаланылуы мүмкін.
Ұлттық Банк азаматтарға телефондарын бейтаныс адамдарға бермеуді, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және өзге де жеке мәліметтерді ешкімге жария етпеуді ескертті.
Сонымен қатар ведомство қызметкерлері ешқашан аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және ақша аудару операцияларын жүргізбейтінін мәлімдеді.