Белгілі журналистің банк қосымшасын себепсіз бұғаттап тастаған
24 маусым күні кешке банк қосымшасына қаламақы түскен.
Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы Freedom Bank қосымшасының бұғатталғанын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 24 маусым күні кешке банк қосымшасына қаламақы түскен. Кейін ол Freedom Bank қосымшасынан Kaspi.kz қосымшасына ақша аудармақ болған. Алайда бірнеше рет талпыныс жасағанымен, карта нөмірі арқылы аударым өтпей, "қателік пайда болды", "30 секундтан кейін қайталап көріңіз" деген ескерту шыққан.
Журналистің сөзінше, кейін телефон нөмірі арқылы аударым жасамақ болған кезде Freedom Bank қосымшасы бұғатталып қалған.
Осыдан кейін ол банктің 595 жедел желісіне хабарласқан. Алайда тұтқаны көтерген оператор WhatsApp мессенджеріндегі чат-ботқа жүгінуді ұсынғанын айтады.
Келесі күні, 25 маусымда Өміржан Әбдіхалықұлы Астанадағы Қабанбай батыр көшесі, 9/2 мекенжайында орналасқан банк бөлімшесіне барған. Оның айтуынша, банк қызметкері өтініш жазуды сұраған. Сонымен қатар Kaspi.kz қосымшасынан соңғы алты айдағы есепшот көшірмесін және зейнетақы аударымдары туралы мәлімет алдырған.
Журналист бұл деректердің не үшін қажет екенін сұрағанда, банк қызметкерінен нақты жауап ала алмағанын жеткізді.
Өтініш қабылданғаннан кейін құжаттар Алматыдағы бас кеңсеге жіберілгені айтылған. Алайда өтініштің нақты қашан қаралатыны белгісіз қалған.
Өміржан Әбдіхалықұлы банк қосымшасының не себепті бұғатталғаны түсіндірілмегенін, өзге банктегі есепшот көшірмесі мен зейнетақы деректерінің не үшін сұралғаны да нақты айтылмағанын алға тартты.
Оның сөзінше, берілген өтініштің қашан қаралатыны және мәселенің қанша уақытта шешілетіні белгісіз.