Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі пікір білдірді
- авторОймақ
- Бүгін, 09:46
- 36
Ербаян Мұхтар мерзімді әскери қызмет кезінде алған жарақатынан кейін үш жылға жуық өте ауыр жағдайда болды. Ол Қазақстанда және Түркияда ем қабылдады, алайда ауыр бас-ми жарақатының салдары қайтымсыз болып шықты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі мен ҰШМҮО мәліметінше, дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін үш жылға жуық уақыт күрескен.
«Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін атқару кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан өте ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы оның жағдайы тұрақты вегетативтік күйде сақталды. Қарқынды терапия, соның ішінде тыныс алуды аппарат арқылы қолдау шаралары жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі қанығуының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді», – делінген хабарламада.
Науқастың жағдайы өте ауыр болып қала берді. Медициналық мамандар барлық қажетті реанимациялық және емдік шараларды жүргізді.
Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ол емделу үшін Түркияға жіберілген болатын. Онда бастапқы қойылған диагноз расталды.
«Биылғы маусым айында негізгі ауыр аурудың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулардың нәтижесінде дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды», – делінген хабарламада.
Ведомство мен медициналық мекеменің мәліметінше, науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада жатқан.
«Оған заманауи дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары жасалды. Медициналық қызметкерлер барлық қажетті емдеу және күтім шараларын қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының палатаға кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылды», – деп хабарлады ведомство.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





