дүйсенбі, 22 маусым, 2026 17:01

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Кинотеатрдағы қылық: бизнесмен 5 күнге қамалды

Кинотеатрдағы қылық: бизнесмен 5 күнге қамалды
Фото: Қайрат Мұқашбековтың жеке парақшасы
48 жастағы астаналық тұрғын кинотеатрда балаларын тәрбиелемек болып, нәтижесінде бес күн әкімшілік қамауға алынды.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды. Оқиға 12 маусымда кинотеатрлардың бірінде болған. Мәліметке сүйенсек, Мұқашбеков артқы қатардан билет алған. Балалары сусын алуға кеткен кезде ол залға кіріп, өз орындарында үш жасөспірім отырғанын көрген.

Ер адам жасөспірімдерден билеттерін көрсетуді және залға қалай кіргендерін сұрай бастаған. Балалар орындарынан кетпек болғанымен, Мұқашбеков олардың жолын бөгеп, билеттерін көрсетуді талап еткен. Сондай-ақ ол телефонын бұлғап, жасөспірімдердің бірінің киімінен жұлқығаны айтылады.

Кейін мектеп оқушылары телефондарындағы QR кодты көрсеткен. Белгілі болғандай, олар киносеансқа кешігіп кіргендіктен, басқа көрермендерге кедергі келтірмеу үшін уақытша бос орындарға отырған.

Балалар болған жағдайды ата-аналарына айтқан. Осыдан кейін полицияға хабар берілген. Құқық қорғау органдары жасөспірімдердің бірінің анасынан түсініктеме алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қараған. Жазбада ересек адамның үш кәмелетке толмаған баламен орын үшін сөзге келіп, олардың кетуіне мүмкіндік бермегені көрінген.

Осы дерек бойынша Қайрат Мұқашбековке қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – «Ұсақ бұзақылық» бойынша іс қозғалып, материал сотқа жолданды.

Сот отырысында Мұқашбеков кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, ол азаматтық жауапкершілік танытып, залда билетсіз адамдардың бар-жоғын анықтағысы келген.

Алайда сот ер адамды кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар