Спорт

20 маусым: әлем чемпионатынан ойын кестесі

Матчтар Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан көрсетіледі

АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында тоғызыншы ойын күні басталады. 19 маусымнан 20 маусымға қараған түні жанкүйерлер C және D топтарындағы екінші тур кездесулерін тамашалайды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы матч түнгі сағат 00:00-де АҚШ пен Аустралия құрамалары арасында өтеді. Турнир қожайындарының бірі саналатын АҚШ алғашқы ойында Парагвайды 4:1 есебімен жеңіп, мундиальды сәтті бастаған еді. Ал Аустралия бірінші турда Түркияны 2:0 есебімен ұтып, күтпеген нәтиже тіркеді. Сондықтан бұл кездесуде D тобындағы көшбасшылыққа талас болады.

Сағат 03:00-де Шотландия мен Марокко құрамалары алаңға шығады. Шотландиялықтар алғашқы турда Гаитиді 1:0 есебімен жеңсе, Марокко Бразилиямен 1:1 есебімен тең ойнаған болатын.

Таңғы 05:30-да Бразилия құрамасы Гаитиге қарсы ойнайды. Алғашқы турда ұпай жоғалтқан бразилиялықтар бұл матчта жанкүйерлері алдында ақталып, әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізуді көздейді. Ал Гаити C тобындағы ең әлсіз қарсыластардың бірі саналып отыр.

Сағат 08:00-де Түркия мен Парагвай құрамалары кездеседі. Екі команда да алғашқы ойында жеңіліп қалғандықтан, бұл матч олар үшін өте маңызды болмақ. Қос құрама да турнирдегі жағдайын жақсарту үшін барын салатыны анық.

Қазақстандық жанкүйерлер әлем чемпионатының ойындарын тікелей эфирде көре алады. Матчтар Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан көрсетіледі.