"Ойыншықтар хикаясы" қазақша сөйледі
Арнайы көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
18 маусым күні Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Арнайы көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды қолдау, қазақша дубляждың маңызын насихаттау және қазақ тіліндегі контенттің дамуына үлес қосып жүрген тіл жанашырларын бір алаңға жинау.

Фильмдерді түрлі елдердің аудиториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждау Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Компания жыл сайын өз фильмдерінің 40-тан астам тілдегі нұсқасын әзірлейді. Соңғы үш жылда Disney студиясы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да туындыларды қоса алғанда, 10-нан астам фильмді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды.
«Ойыншықтар хикаясы 5» фильміндегі кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлеткендер: Әбілмансұр Серіков – Созалақ, пицца, Бота Мия – Долли, Асан Мәжит – Тікенек мырза, Зарина Кәрмен – Трикси, Боннидің мамасы, Шах-Мұрат Ордабаев – Рекс, қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті.

18 маусымнан бастап «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмі кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетіледі.