Қоғам

Қызылорда облысында каналдан қыздың мәйіті табылды

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында канал шлюзінен қыздың мәйіті табылды. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 3 маусым күні кешке ауыл тұрғындарының бірі канал шлюзінен қыздың денесі табылғаны туралы хабарлаған.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары марқұмның жеке басын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз 2 маусым күні кешке үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған.

Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу және күдіктіні анықтау мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан кісі өлтірудің мән-жайына қатысты кейбір ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін ескертті.