Атыраудағы қанды қылмыс: Сәрсемалиевтің сотында бейнежазбалар қаралды
- авторОймақ
- Бүгін, 07:00
- 69
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотта бүгін қылмыстық іс материалдарындағы бейнежазбалар қаралды. Судья куәлардан жауап алу аяқталғанын мәлімдеп, тараптар оқиғаға қатысты түсірілген видеодәлелдерді зерттеуге көшті. Солардың қатарында айыпталушының қылмыс болған күндері Жангелдин ауылында және ломбардта енесінің алтындарын өткізіп жатқан сәттері түсірілген жазбалар да бар, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
4 маусымдағы сот отырысында Қарабалиндер отбасының төрт мүшесінің сүйегін қазып алу, мәйіттерді тану, оқиға орнын тексеру, Ақбаян Мұқанғалиеваның жауабы және Сұлтан Сәрсемәлиевтен күдікті ретінде жауап алынған сәттер бейнетаспа арқылы көрсетілді. Сот отырысында қаралған видеолардың арасында Сәрсемәлиевтің Жангелдин ауылында жүрген кезді мен ломбардқа кіріп-шыққан сәттері де болғаны айтылды.
Алайда істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина марқұмдардың сүйегін қазып алу кезінде түсірілген кадрларды әлеуметтік желілерде жарияламауды ескертті.
Судьяның айтуынша, мұндай бейнематериалдар адамдардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Бүгінгі сотта Қарабалиндер отбасының малын бағып жүрген тұрғын да куә ретінде жауап берді. Оның айтуынша, ол бірнеше ай бойы отбасының малын бағып келген. Ол 2025 жылдың қарашасында өзін Наурыз Мұқанғалиев деп таныстырған адамнан хабарлама алғанын айтты. Ойында ештеңе жоқ малшы сол кезде телефонның арғы жағында шынымен Наурыз Мұқанғалиев отыр деп ойлағанын жеткізді. Осылайша малшы бір адамды жіберетінін айтқан соң келісіп, малды сатып алатын кезде тек көрсетіп қана берген.
Айта кетейік, бұған дейін сотта марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның бауыры Тілекқабыл Өтешқалиев жауап берген еді. Ол айыпталушыны өмірінде екі-ақ рет көргенін айтты. Ал 2 маусымдағы сот отырысында айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев те куә ретінде жауап берген еді. Самиғолла Сәрсемәлиев ұлының мұндай іске баруына әлі де сенбейтінін айтты. Әкесі жауап беріп жатқан кезде Сұлтан Сәрсемәлиев басын көтерместен көзіне жас алды.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиевке Қарабалиндер отбасының төрт мүшесін өлтірді деген айып тағылған. Бұған дейін сотта ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл өзін қорғау барысында болған жағдай. Ал қайын атасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны қасақана өлтіргенін мойындаған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




