Зейнетақы жинағы: жеткілікті шегі тағы өзгереді
Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлім етті.
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі 5 маусымнан кейін жарияланады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қор өкілдерінің мәліметінше, жаңа көрсеткіштер есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енгеннен кейін, үш жұмыс күні ішінде ресми ресурстарда орналастырылады.
Жаңа ереже бойынша, 4 маусым күні жұмыс уақыты аяқталғанға дейін түскен өтінімдердің барлығы ескі шекті деңгеймен қаралады. Ал 5 маусымнан бастап өтініш білдірген азаматтардың құжаттары тек жаңадан бекітілген көрсеткіштер бойынша қабылданатын болады.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға арналған жаңа жеткіліктілік шегін мамыр айының соңына дейін бекіту жоспарланғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, азаматтардың жасына байланысты бұл шекті деңгей 80%-ға дейін өсуі мүмкін. Осыған дейін Еңбек министрлігі 20-дан 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін шекті деңгей шамамен 10%-ға артуы ықтимал екенін де хабарлаған еді.