Қоғам

Петропавл «ақ ұлпаның» астында қалды

Көктемнің соңғы күні Петропавловск көшелері қалың қар жауғандай кейіпке енді. Мамырдың 31-і күні қала іші, аулалар мен саябақтар кәдімгідей терек мамығына көміліп қалды.

Жыл сайын қайталанатын бұл көрініс жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Тұрғындар «бұл мәселе неге әлі күнге дейін шешімін таппай келеді?» деп билікке сауал тастауда. Әсіресе, аллергиясы бар жандар үшін қазір сыртқа шығудың өзі нағыз азапқа айналды. Көздің жасаурауы, тоқтаусыз түшкіру мен тыныстың тарылуы қалалықтарды әбден қажытты.

Ал алда әлі мамық маусымының бірнеше аптасы бар. Әлеуметтік желіде жұрт бұл ағаштарды жаппай кесу керек пе, әлде басқа амалын табу қажет пе деп қызу талқылап жатыр. Қала билігінің бұл экологиялық проблемаға қашан назар аударатыны әзірге белгісіз.