Алматыдағы көлік апаты: қомақты көлемде азаматтық талап-арыз берілуі мүмкін
- авторОймақ
- Бүгін, 17:51
- 38
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-Фараби даңғылында болған ажалды жол-көлік оқиғасына қатысты алдын ала сот отырысы өтті. Сот аяқталғаннан кейін апаттан қаза тапқан Құмар Тенелбаеваның жақындарының мүддесін қорғаушы адвокат Мейірман Шекеев жәбірленуші тараптың әзірге айыпталушымен татуласуға ниетті емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қорғаушының айтуынша, марқұмның ата-анасы қазіргі уақытта қызы тірі күнінде несиеге алған, бірақ апат кезінде қираған автокөліктің қарызын төлеп отыр. Заңгер бұл іс бойынша материалдық және моральдық шығынды өндіру мақсатында қомақты көлемде азаматтық талап-арыз берілуі мүмкін екенін жеткізді.
«Азаматтық талап-арыз аясында нақты қандай соманы белгілейтінімізді әзірге айта алмаймын, мұны әлі де ақылдасамыз. Мүмкін мен 100 миллион теңге көлемінде сома қоятын шығармын. Неге десеңіз, адам өмірі баға жетпес құндылық. Бізде, қателеспесем, бақбақ гүлін жұлғаны үшін шамамен 13 миллион теңге айыппұл қарастырылған. Онымен салыстырғанда адам өмірі әлдеқайда қымбат деп есептеймін», – деді адвокат.
Еске сала кетейік, Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апаты үстіміздегі жылдың 21 наурызына қараған түні болған еді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан апат болған жерде үш адам: 1996 жылы туған Еламан Қайыржанұлы, 2003 жылы туған Құмар Тенелбаева және 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





