Қоғам

Бет-жүзін тұмшалаған: 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Бұл туралы ІІМ мәлім етті.

Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретіндей деңгейде бетті толық жабатын киім кигені үшін 1 179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Ішкі істер министрлігі бұл талаптың «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 75-бабының 3-тармағында көзделгенін еске салды. Аталған нормаға сәйкес, қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жауып тұратын киім кию құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.

Дегенмен, бұл шектеу ауа райының қолайсыз жағдайларында, медициналық көрсетілімдер кезінде, қызметтік міндеттерді орындау барысында, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысушыларға қолданылмайды.

Ведомство мәліметінше, жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында қарастырылған. Алғаш рет заң бұзған азаматтарға ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде талапты қайта бұзғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қазіргі таңда аталған норма бойынша 1 179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ІІМ бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілгенін атап өтіп, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.