Қоғам

Ербаян Мұхтардың денсаулығы күрт нашарлап, реанимацияға түсіп қалды

Бұл жөнінде сарбаздың оңалту және қалпына келтіру маманы Ұлпан Советбековна мәлімдеді

Ұлттық ұланның әскери бөлімінде басынан ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтардың денсаулығы күрт нашарлап, реанимацияға түсті. Бұл жөнінде сарбаздың оңалту және қалпына келтіру маманы Ұлпан Советбековна мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл мәлімдеме Ербаянның ата-анасының өтініші бойынша жасалған. Сарбаздың отбасы мүддесін қорғайтын заңгер Инга Иманбай да оның туыстарымен тұрақты байланыста екенін нақтылады.

Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға кома жағдайында түскен болатын. Ол қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлімі сарбаздың ата-анасына оны «әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алды» деп түсіндірген. Алайда туыстары бұл нұсқаға басынан бастап сенбей, Ербаянның соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысып келеді.

Аталған дерек бойынша Бас әскери прокуратура «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық өзара қарым-қатынас ережелерін бұзу» бабымен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстандықтар сарбаздың еміне шамамен 230 миллион теңге жинап берген болатын. Осы қаражаттың көмегімен Ербаян Мұхтар 2025 жылдың қаңтар және қараша айларында Түркияда емдеу курсынан өткен еді.