Almaty Superski жобасы Қазақстандағы таулы туризмді қауіпсіз әрі жауапты дамытудың үлгісіне айналуға тиіс - Аида Балаева
Бүгінде туризм ел экономикасының стратегиялық маңызды саласына айналып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасы Қазақстандағы таулы туризмді қауіпсіз әрі жауапты дамытудың үлгісіне айналуға тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Оның айтуынша, бүгінде туризм ел экономикасының стратегиялық маңызды саласына айналып отыр. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік турист келген. Ал ішкі туристер саны 10,5 миллион адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 900 мыңға артқан. Сонымен қатар былтыр ұлттық парктерге 2,8 миллион адам барған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.
Аида Балаева соңғы жылдары экологиялық, табиғи және тау туризміне қызығушылық айтарлықтай артқанын атап өтті.
Вице-премьер туристер ағыны артқан жағдайда заманауи инфрақұрылымсыз ретсіз туризм қалыптасып, табиғатқа түсетін жүктеме мен қауіпсіздік тәуекелі күшейетінін айтты. Сондықтан Алматы тау кластерін дамыту жаңа тәсіл мен кешенді көзқарасты талап етеді.
Ол даму мен экологияны бір-біріне қарсы қою дұрыс емес екенін айтып, жауапты мемлекет табиғатты қорғау, қауіпсіздік, инфрақұрылым және жаңа мүмкіндіктерді қатар қамтамасыз етуі қажет екенін жеткізді.
Министр Көкжайлау аумағы Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамынан шығарылмайтынын және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайтынын атап өтті. Сондай-ақ жоба аясында жеке коттедждер мен виллалар салу қарастырылмаған.
Жоба экологиялық талаптарды қатаң сақтау, ғылыми сараптама, қоғамдық бақылау және орындаушылардың жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылмақ.
Аида Балаеваның айтуынша, Almaty Superski жобасы тауға балалы отбасылардың, қарттардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігін арттыруы мүмкін. Бұл үшін аспалы жолдар, қауіпсіз бағыттар,
визит-орталықтар, қарау алаңдары және санитарлық инфрақұрылым салу жоспарланған.
Сонымен қатар Медеу – Шымбұлақ – Көкжайлау – Құмбел бағыттарын біріктіретін жүйе туристік ағынды тиімді бөліп, Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Вице-премьер жобаға қатысты барлық талқылау ғылыми сараптамаға, нақты деректерге және елдің ұзақмерзімді мүддесіне негізделуі қажет екенін айтты