2026 жылдың І тоқсанындағы сауалнама нәтижесі бойынша несие алуға ниетті кәсіпорындар ең көп өңдеуші өнеркәсіп саласында тіркелген. Екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 23,5%-ға дейін өскен. Бұған дейінгі тоқсанда ол 21,5% болған.
Одан кейін ауыл шаруашылығы – 22,5%, сауда – 15,9%, құрылыс – 15,1% көрсеткішпен тұр. Бұл бизнес жоғары пайыздарға қарамастан өндірісті ұлғайтуға және жаңа жобаларға қаржы салуға дайын екенін көрсетеді.
Кәсіпкерлердің едәуір бөлігі банк талаптарын әлі де ауыр деп санайды. Құрылыс секторындағы компаниялардың 23%-ы несиелеу шарттарын «тым қатаң» деп бағалаған. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш – 19,5%, өңдеуші өнеркәсіпте – 17,8%.
Соған қарамастан бизнес несие алуды жалғастырып жатыр. Сарапшылар мұны экономиканың жаңа кезеңге өтуімен байланыстырады. Қазір көптеген компания үшін қаржының бағасынан бұрын нарықты кеңейту маңыздырақ бола бастаған.
Құрылыс саласындағы парадокс
Tengeneomika мәліметінше, құрылыс секторы ең қызық жағдайды көрсетіп отыр. Бұл салада теңгедегі несиенің орташа мөлшерлемесі 21,1%-ға жеткен. Сонымен бірге дәл осы сектор экономикадағы ең белсенді қарыз алушылардың бірі болып қала береді.
Бұдан бөлек, құрылыс саласындағы борыш жүктемесі табыстың 15,1%-ына тең. Көлік және қоймалау секторында бұл көрсеткіш – 14,1%, өңдеуші өнеркәсіпте – 13,3%.
Корпоративтік қарыз сапасы жақсарған
Зерттеу нәтижесі компаниялардың қарыз сапасы да біртіндеп түзеліп келе жатқанын көрсетті. Көптеген салада мерзімі өткен берешек көлемі азайған.
Мысалы, ауыл шаруашылығында кешіктірілген қарыз үлесі 6,2%-дан 4,7%-ға төмендесе, өңдеуші өнеркәсіпте 4,1%-дан 3,6%-ға дейін қысқарған.
Жаңа несиені кімдер алды?
Бірінші тоқсанда ең көп жаңа несие алғандар – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары. Бұл салада 38 компания қаржыландырылған.
Сауда секторында – 27 кәсіпорын, құрылыс пен ауыл шаруашылығында – 16 компаниядан жаңа қарыз алған. Ал көлік және қоймалау секторында небәрі төрт кәсіпорын несиелендірілген.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі үрдіс корпоративтік сектордың көңіл күйі өзгергенін аңғартады. Егер бұған дейін компаниялар несиені тек айналым қаражатын сақтау үшін пайдаланса, енді оны өсім мен жаңа жобаларға инвестиция салу құралы ретінде қарастыра бастаған.
Бұл экономикадағы іскерлік белсенділіктің біртіндеп жанданып келе жатқанының белгісі ретінде бағаланып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





