Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды
«Қазгидромет» РМК еліміздің барлық өңіріне қатысты дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, бүгін Қазақстанның бірқатар облысында найзағай, қатты жел, тұман, шаңды дауыл және үсік күтіледі. Сонымен қатар көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өңірдің басым бөлігінде жоғары, ал шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Алматы облысының солтүстігінде де жоғары өрт қаупі бар.
Ұлытау және Қарағанды облыстарында өрт қаупі өте жоғары деңгейде. Қарағанды облысының шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Жезқазған мен Қарағанды қалаларында төтенше өрт қаупі жарияланған.
Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл көтерілуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Кей аумақтарда тұман түсіп, жел күшейеді. Астанада да күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады.
Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі уақытта үсік жүруі ықтимал. Кей өңірлерде ауа температурасы 1-2 градусқа дейін төмендейді. Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі.
Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен бірге өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында да өрт қаупі жоғары деңгейде бағаланған.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.