Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Бұған дейін ол Мемлекет басшысының көмекшісі әрі баспасөз хатшысы қызметін атқарған болатын.
Руслан Сұлтанұлы Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Қазақ экономикалық университетін маркетинг мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританиядағы Уорик университетінде білім алып, жобалық басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленді.
Еңбек жолын 2010 жылы «Ел Арна» телеарнасында «Азамат» жастар бағдарламасының жүргізушісі ретінде бастаған. 2011-2012 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы «Алаң» саяси ток-шоуын жүргізді.
2012-2018 жылдары «Алматы» телеарнасында бөлім басшысы және бас продюсер болып жұмыс істеді. Ал 2018-2020 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қызмет атқарды. Бұл кезеңде ол алдымен Ақпарат комитетінің интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық
жұмыс басқармасын басқарды, кейін аталған комитет төрағасының орынбасары болды.
2020-2022 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары болды.
2022 жылдан бастап Руслан Желдібай Президент Әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтерде еңбек етіп келеді. 2022-2023 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы болды. 2023 жылғы қаңтарда Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, бір кезеңде екі қызметті қатар атқарды.
2023 жылғы қыркүйекте ол Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Кейін Президент кеңесшісі және баспасөз хатшысы қызметін атқарды.
2026 жылғы 29 қаңтарда Руслан Желдібай бұрынғы қызметінен босатылған еді. Енді ол Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
"145 депутат, 5 жылға сайланады": Парламент Құрылтай туралы заңды қабылдады
- авторОймақ
- 20 мамыр, 2026





