Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова пластикалық отадан кейін қайтыс болды. Марқұмның туыстары жеке клиника дәрігерлерінің әрекетіне күмән келтіріп, оқиғаға қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Алматыда 53 жастағы блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова пластикалық отадан кейін қайтыс болды. Бұл туралы оның қызы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Марқұмның Instagram желісінде 1,1 миллионнан астам оқырманы болған. Ол шоу-бизнес өкілдерімен араласып, әлеуметтік желіде танылған. Оның айтуынша, Сәуле Ермаханова 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникалардың біріне липосакция жасатуға барған. Ота жергілікті анестезиямен өтуі тиіс болған.
Дәрігерлер ота шамамен бір жарым сағатқа созылатынын айтқанымен, уақыт өте берген. Марқұмның қызы сол сәтте туыстарына ешкім нақты ақпарат бермегенін айтады.
«Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз отырды», – деді марқұмның қызы.
Отбасының сөзінше, клиника Сәуле Ермаханованың қайтыс болғанын тек кешкі алты шамасында хабарлаған. Ал жедел жәрдем бір сағаттан кейін келген. Қызы анасының ұзақ уақыт бойы жабық есіктің ар жағында жалғыз жатқанын айтты. Туыстары қазірге дейін көп сұрақтың жауабын ала алмай отырғандарын жеткізді.
«Біз олардың осы уақыт бойы не істегенін білгіміз келеді. Анамызды құтқаруға әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады?», – деді марқұмның қызы.
Марқұмның жақындары клиниканың оқиғадан кейін де жұмысын тоқтатпағанына наразы. Олардың айтуынша, бірнеше күннен кейін таныстары WhatsApp арқылы клиникаға клиент ретінде хабарласқан кезде, мекеме ота бағаларын жіберіп, онлайн-консультация мен келесі аптаға жазылуды ұсынған. Отбасы қазір клиника жұмысына толық тексеріс жүргізіліп, оқиға бойынша жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Олар журналистер мен қоғам белсенділерінен бұл істі назарда ұстауды сұрады.
Жақындарының айтуынша, Сәуле Ермаханова өте мейірімді, қамқор жан болған. Марқұмның алдағы жоспарлары көп болған.
Айта кетейік, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





