АҚШ Сенаты тарихта тұңғыш рет этникалық қазақ Әсел Робертсті Америка Құрама Штаттарының Словениядағы елшісі қызметіне ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Елу жастағы дипломаттың кандидатурасын ақпан айында президент Дональд Трамп ұсынған болатын, ал жақында сенаторлар оны 49 тағайындаудан тұратын топтама аясында бірауыздан қолдап дауыс берді. Бұл – қазақ қызының АҚШ дипломатиясында осындай жоғары лауазымға ие болған алғашқы жағдайы.
Жаңа елші Сенаттағы тыңдау барысында өзінің негізгі басымдықтарын атап өтті. Ол Словенияны еуроатлантикалық аймақтың қорғанысындағы негізгі буын деп бағалап, НАТО аясындағы байланыстарды нығайтуға және трансатлантикалық сауданы тереңдетуге күш салатынын жеткізді. Сонымен қатар, Робертс ресми Люблянаның 2030 жылға қарай қорғаныс шығындарын ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына дейін арттыру жоспарын және Балқан түбегіндегі миссияларға белсенді қатысуын жоғары бағалады.
Әсел Робертс — АҚШ-тың мемлекеттік басқару жүйесінде жиырма жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұхит асып, беделді Джорджтаун университетінде білім алған. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың бес бірдей президентінің әкімшілігінде қызмет етіп, Мемлекеттік департаментте жоғары деңгейдегі келіссөздерді үйлестірді. Сондай-ақ, вице-президенттің тұсында Ақ үйдегі Батыс қанаттың операциялар дирекциясын басқарды.
Ал 2020-2021 жылдардағы билік ауысуы кезеңінде дипломат АҚШ-тың бас протокол кеңесшісі міндетін атқарған. Американың жоғары дипломатиялық элитасына енген қазақ қызы қазіргі таңда қазақ, ағылшын, орыс және жапон тілдерін еркін меңгерген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






