Қазақстан Иран халқына гуманитарлық көмек жіберді
Жалпы көлемі 30 вагоннан тұратын гуманитарлық жүк Тегеран қаласына жеткізіліп, тиісті мекемелерге таратылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран халқына гуманитарлық қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Иран Ислам Республикасына гуманитарлық көмек жеткізді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев, Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері, сондай-ақ Иран Сыртқы істер министрлігінің Хорасан-е Разави провинциясындағы өкілдігі басшысы Ғоламаббас Арбаб Халес қатысты.
Гуманитарлық жүк құрамына ет консервілері, қант, бірінші сұрыпты ұн, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек енгізілді. Қазақстан тарапы жолдаған көмек Иран халқына қолдау көрсетуге және әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Елші Оңталап Оңалбаев Иран Қазақстанның Таяу Шығыс пен ислам әлеміндегі маңызды саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Өз кезегінде Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері қазақстандық тарапқа алғыс айтып, бұл қадам екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара қолдауды нығайта түсетінін жеткізді.
Жалпы көлемі 30 вагоннан тұратын гуманитарлық жүк Тегеран қаласына жеткізіліп, тиісті мекемелерге таратылды.