Қоғам

Мемлекет басшысының жарлығы кітапхана мен кітап ісі саласына тың серпін береді - Аида Балаева

Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс еселене түсті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы туралы пікір білдірді,  – деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл – ел болашағына бағытталған стратегиялық шешім. Себебі кітап оқу мәдениеті – ұлттың ой-өрісін кеңейтетін, білімге құштарлығын арттыратын, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін маңызды құндылық. Президентіміз кітап пен білімнің адам өміріндегі, ұлт дамуындағы айрықша рөлін үнемі айтып келеді. Осы жарлық арқылы кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, оның айтуынша алдағы уақытта «Кітапхана және баспа ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындалады. Сонымен бірге «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылып, жасанды интеллект дәуіріндегі кітап пен кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқындайтын 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.