Экономика

«Росатом»: Балқаш АЭС-інің нақты жобасына әлі бір жыл қажет

Қазақстанда салынуы мүмкін Балқаш атом электр станциясының жобасы әлі толық дайын емес. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, құрылыс алаңын зерттеу мен бақылау жұмыстары кемінде бір жылға созылады.

Мәскеуде Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» жетекшісі Алексей Лихачев кездесіп, Балқаш АЭС-іне қатысты келіссөз өткізді. Тараптар станция құрылысы ғана емес, қазақстандық компанияларды жобаға тарту, кадр даярлау және өндірісті жергіліктендіру мәселелерін де талқылаған.

Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, қазір екі ел атом энергетикасы бағытындағы ұзақмерзімді серіктестіктің негізгі тетіктерін келісіп жатыр.

Ал «Росатом» басшысы болашақ станция салынатын аумақтың табиғи ерекшеліктері мұқият зерттелетінін айтты.

– Бізге алаңды кемінде бір жыл бақылау қажет. Геологиялық, климаттық және инженерлік зерттеулерден кейін ғана нақты жоба жасалады. Станция сол өңірдің ерекшеліктеріне бейімделіп салынады, – деді Алексей Лихачев.

Ресейлік тарап Балқаш АЭС-і ресейлік технология негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Сонымен бірге Қазақстан мамандарын даярлау және отандық кәсіпорындарды жобаға қосу мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан билігі елдегі алғашқы атом электр станциясын Балқаш маңында салу мәселесін бірнеше жылдан бері талқылап келеді.