Әлеумет

Елде жетім балалармен жұмыс істейтін мамандар қайта даярланады

2026 жылғы мамырдан бастап Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагогтерін оқыту басталады.

Оқытуды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының 47 тренері жүргізеді. Бағдарлама заманауи халықаралық тәжірибелер мен SOS Қазақстан балалар ауылдарының тәжірибесіне негізделген.

Бұл бастама балаларды қорғау жүйесін жетілдіруге және қиын өмірлік жағдайға тап болған, травмалық тәжірибе алған балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған. Бағдарламаға еліміздің барлық өңірлерінен жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагогтері, тәрбиешілері, психологтері, әлеуметтік педагогтері, әдіскерлері мен басшылары қатысады.

— Бүгінде еліміздегі жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарында 1945 маман жұмыс істейді. Мамыр мен желтоқсан аралығында осы мамандардың барлығын оқытумен қамту жоспарлануда. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 91%-ы оқудан өтуге дайын екенін білдіріп, қиын өмірлік жағдайдағы балалармен және отбасылармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгерудің қажеттілігін атап өткен, — делінген хабарламада.

Бағдарлама балалармен практикалық жұмыс дағдыларын дамытуға, жеке тәсілді қалыптастыруға және қауіпсіз, қолдаушы орта құруға бағытталған. Бағдарламаға заманауи халықаралық әдістемелер енгізілген: травмаға бағдарланған тәсіл, кейс-менеджмент, отбасын қолдаудың экожүйелік моделі және баланың күшті жақтарына негізделген жұмыс әдістері.

Әсіресе, зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалардың эмоционалдық әл-ауқатына, сенімді қарым-қатынас орнатуға және кәсіби қабылдаушы отбасылармен жұмыс істеуге дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа тәсілдерді енгізу формалды сүйемелдеуден әр баланың қажеттілігі мен әл-ауқатына бағытталған жүйеге көшуге мүмкіндік береді және Қазақстандағы жетім балаларды қолдау жүйесін ізгілендірудің маңызды кезеңі болмақ.