Қоғам

Мұқаев "көк папка дауына" қатысты пікір білдірді

Видеодағы көк папка – оның жұмыс құжаттарына арналған жеке папкасы екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жұбайын туған күнімен ерекше форматта құттықтағаннан кейін әлеуметтік желіде сынға қалды. Желіде тараған видеода депутат әйеліне Парламенттің ресми құжатына ұқсайтын құттықтау қағазын табыстаған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Кейбір қолданушылар депутатты Парламент атрибутикасын жеке мақсатта пайдаланды деп айыптады. Видео кезінде Мұқаев жұбайын ресми стильде құттықтап, "әйтпесе 1 шілдеден бастап Парламент таратылады" деп әзілдеген.

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан бұл әрекеті этикалық талаптарға қайшы емес пе деп сұрады.

Депутаттың айтуынша, видеодағы көк папка – оның жұмыс құжаттарына арналған жеке папкасы.

Мұқаев бұл жағдайда Парламент регламенті бұзылмағанын айтты. Оның сөзінше, ресми бланк рұқсатсыз пайдаланылмаған, құттықтау тек жеке іс-шарада, жұмыстан тыс уақытта жасалған.

Сондай-ақ ол құттықтау қағазында басқа депутаттардың қолы қойылмағанын атап өтті.