Қырғызстанда Камчыбек Ташиевтің құпия ісі сотқа жолданды
Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс сотқа өтті.
Бұл туралы Kaktus Media басылымына сілтеме жасап Oimaqnews.kz хабарлады.
Адвокат Икрамидин Айткуловтың айтуынша, Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы айыптау актісін бекітіп, істі Бішкектегі Первомай аудандық сотына жіберген. Тергеу нұсқасы бойынша, экс-шенеунікке «билікті күшпен басып алуға дайындалды» және «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айып тағылып отыр.
Бұған дейін, сәуір айының соңында тағы бір қорғаушы — Шердор Абдыкапаров Ташиевке мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айып тағылғанын айтқан еді. Алайда кейін ол өз мәлімдемесінен бас тартып, қателескенін жеткізді.
Мәліметке сәйкес, Ташиевпен бірге бұл іс бойынша тағы жеті адам жауапқа тартылып жатыр.
Адвокаттың сөзінше, іс материалдарына «құпия» мәртебесі берілген. Соған байланысты сот отырыстары жабық режимде өтеді, ал тергеу мен сот материалдарын жариялауға тыйым салынған.
Айыптаулар туралы ақпарат тарағаннан кейін Камчыбек Ташиев өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын мәлімдеп, заң аясында қорғанатынын айтқан.