«Отбасы банк» пайызсыз депозит пен ислам ипотекасын іске қоспақ
Коммуналдық төлем қымбаттаған шақта «Отбасы банк» энергия тиімді баспанаға басымдық бермек. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда тұрғын үйді қаржыландыру жүйесі жаңа бағытқа бет алды. «Отбасы банк» исламдық ипотека, пайызсыз депозит және «жасыл» ипотека өнімдерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова BIZDIÑ ORTA подкастында мәлімдеді.
Оның айтуынша, банк Азия даму банкінен шамамен 90 миллиард теңге тартуды көздеп отыр. Қаражаттың бір бөлігі «Ұмай» әйелдер ипотекасына және «Жасыл ипотека» бағдарламасын дамытуға бағытталады. Ибрагимова соңғы жылдары коммуналдық төлемдердің айтарлықтай өскенін атап өтті. Оның сөзінше, енді тұрғын үйдің тек бағасы ғана емес, оны күтіп ұстау шығындары да басты факторға айналып барады. – Болашақта энергия тиімді баспаналарға сұраныс күрт артады. Себебі ай сайын коммуналдық төлемге 13 мың теңге жұмсау мен 26 мың теңге төлеудің айырмашылығы отбасы бюджетіне тікелей әсер етеді, – деді ол. Банк қазірдің өзінде энергияны үнемдейтін материалдарды пайдаланатын құрылыс компанияларын қолдай бастаған. Кейбір үйлер автономды жылу және электр жүйелерімен жабдықталып жатыр. «Отбасы банк» басшысы кей жағдайда ипотека төлемінен бөлек коммуналдық шығындар тағы 160 мың теңгеге дейін жететінін айтты. Оның пікірінше, бұл көптеген отбасы үшін қосымша ауыр қаржылық жүктемеге айналған. Сонымен қатар банк «Жасыл ипотека» бағдарламасы бойынша мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отыр. Бұған дейінгі 12,5–14,5 пайыздық мөлшерлеме қазіргі нарық жағдайында жоғары саналады. Жаңартылған бағдарламаны маусым айында іске қосу көзделген. Бұдан бөлек, банк исламдық қаржыландыру жүйесін енгізуге дайындалып жатыр. Қазір тиісті заңнамалық өзгерістер қаралып жатыр. Егер заң қабылданса, «Отбасы банк» ислам қағидаттарына негізделген өнімдерді ұсынуға ресми құқық алады. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, алғашқы исламдық өнімдер қыркүйек айында немесе 1 қазанға дейін таныстырылуы мүмкін. Исламдық қаржыландыру жүйесінде пайыз алуға тыйым салынатындықтан, банк пайызсыз депозиттер мен пайызсыз несиелер ұсынуды жоспарлап отыр. Алайда қаржы моделі толық сақталады, тек механизм дәстүрлі банктік жүйеден өзгеше болады. Айта кетейік, бұған дейін Ләззат Ибрагимова алдағы жылдары Қазақстанда баспана бағасы арзандай қоймайтынын мәлімдеген еді.