Скандинавиядан келген суық: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
Қазақстанға Скандинавия жақтан келген қуатты антициклон әсер етіп, елдің басым бөлігінде күн күрт суытты.
«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, алдағы күндері солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі уақытта үсік сақталады.
Мамандардың айтуынша, суық ауа массалары 13 мамырда елдің оңтүстік-шығысына да жетуі мүмкін. Кей өңірлерде түнде ауа температурасы нөлден төмен түседі.
Астанада 12 мамырда түнде -1…-3 градусқа дейін үсік жүреді. Күндіз ауа температурасы +13…+15 градус шамасында болады. Жел күшейіп, екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.
13 мамырда елордада жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Ал 14 мамырда жауын-шашынсыз, күн біртіндеп жылына бастайды.
Алматыда 12 мамырда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнде кей жерлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасы күндіз +14…+16 градус болады. Бірақ 13–14 мамырда күн ашылып, ауа +21 градусқа дейін жылиды.
Шымкентте алдағы үш күнде жауын-шашын болмайды. Керісінше, күн ысып, 14 мамырда ауа температурасы +28 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға кеңес береді. Әсіресе бағбандар мен диқандарға үсік қаупін ескеріп, өсімдіктерді қорғау шараларын қолға алу ұсынылды.