Көкшетауда аулада әйелді көлік қағып, қаза тапты
Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды. Қайғылы жағдай 9 мамыр күні тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода көліктің аулаға кіріп келе жатып, жаяу жүрген әйелді қағып кеткені көрінеді. Кадрларда көліктің әйелді басып өткені, кейін жүргізуші мен жолаушылардың көліктен жүгіріп шыққаны байқалады.
Оқиғаға байланысты Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.
Қайғылы жағдайдан кейін Сарыарқа шағын ауданының тұрғындары бейнеүндеу жасап, аула маңындағы қауіпсіздік мәселесін көтерді. Олар аулаға кіреберіске жасанды жол кедергісін орнатуды, шлагбаум қоюды немесе қосымша кіреберіс ашуды сұрады.
Полиция тұрғын аймақта жаяу жүргіншілердің артықшылыққа ие екенін еске салды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жол қозғалысы ережесіне сәйкес тұрғын аймақта жаяу жүргіншілер тротуармен де, жолдың жүріс бөлігімен де жүре алады.
Сондай-ақ полиция аула аумақтарында транзиттік көлік қозғалысына тыйым салынғанын атап өтті.
— Жасанды жол кедергілерін, қосымша жол белгілерін және қозғалысты ұйымдастырудың басқа да элементтерін орнату мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп және қаланың бас жоспарын ескере отырып шешіледі, — деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада көлік 1,8 жастағы бүлдіршінді қағып кетіп, сәби көз жұмған еді.