Қоғам

Астана аспанында жойғыш ұшақтар ұшады

15 мамыр күні Астана аспанында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, шара Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында ұйымдастырылады. Осыған байланысты 10 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталған.

Министрлік ұшулардың қауіпсіз биіктікте жүзеге асырылатынын және қала тұрғындарының күнделікті тіршілігіне кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Дегенмен жаттығу мен демонстрациялық ұшу кезінде қысқа мерзімді шу деңгейі артуы мүмкін.

Сондай-ақ ведомство барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылатынын атап өтті. Министрлік түрлі түсті түтіндердің тек демонстрациялық сипатта қолданылатынын және қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін жеткізді.