Қоғам

Есірткі қолданатын шенеуніктер әшкереленеді

Сенатта мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер талқыланды. Онда кейбір мемлекеттік қызметкерлерді есірткі және психотроптық заттарға тексеру ұсынылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жыл сайын есірткі заттарының бар-жоғын анықтау тексерісіне екі санаттағы мемлекеттік қызметкер қатысатынын айтты.

“Ең алдымен басшылық лауазымдағы, яғни қарамағында қызметкерлері бар тұлғалар тексеріледі. Сонымен қатар факультативті негізде – қызметтік міндетінің сипатына қарай мемлекеттік орган басшысы анықтайтын қызметкерлер де тексерістен өтуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтіндер. Енді жыл сайын есірткіге тексеру жүргізу ұсынылады”, – деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан Конституциялық соты ұстанымына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтегі кез келген шектеулер мен тыйымдар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін күшейтуге бағытталуға тиіс. Сонымен қатар мұндай талаптар құқықбұзушылықтардың алдын алуға қызмет етуі қажет.

“Мемлекеттік қызметте мінсіз бедел мен тазалықты қамтамасыз ету мәселелері заңды әрі негізделген мақсаттардан туындайды”, – деді Мүксімов