Руханият

Қаламгер мұрасын ұлықтаған ғылыми жиын

2026 жылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов туғанына 90 жыл толуына орай еліміздің ғылыми және рухани кеңістігінде тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Конференцияның басты тақырыбы – тарихи романдардың қабылдануы мен интерпретациясы. Бұл бағыттың таңдалуы кездейсоқ емес, себебі Қабдеш Жұмаділов – тарихи шындық пен көркемдік қиялды терең үйлестіре білген, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ірі қаламгер. Оның шығармашылық әлемі тек оқиғаларды баяндаумен шектелмей, тұтас бір дәуірдің рухын, халықтың ішкі жан дүниесін, тарихи санасын көркемдік деңгейде қайта жаңғыртады. Жазушының туындыларында ұлт тағдыры, көші-қон тарихы, елдік сана, азаттыққа ұмтылыс сияқты іргелі мәселелер кеңінен қамтылған. Әсіресе ХХ ғасырдағы қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдері – шекара асу, туған жерден ажырау, тарихи отанға оралу сынды оқиғалар терең психологиялық және философиялық тұрғыда бейнеленеді. Бұл тек тарихи дерек емес, халықтың жан жарасы мен үмітін қатар көрсететін көркем шежіре іспетті.

      Жазушының өмір жолы – өзі суреттеген дәуірлердің айнасы іспетті. Шығыс Түркістан топырағында дүниеге келіп, жастайынан тағдырдың талай сынағын бастан өткерген ол тарихи Отанына оралып, әдебиетке біржола ден қойды. Оның шығармашылық жолы тек көркем туындылар жазумен шектелмей, ұлттық рухты жаңғыртуға, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды. Қаламгердің «Соңғы көш», «Дарабоз», «Атамекен», «Тағдыр» секілді романдары – қазақ әдебиетіндегі тарихи прозаның биік шыңдары. Әсіресе «Тағдыр» романы арқылы ол Шығыс Түркістандағы қазақтардың азаттық жолындағы күресін терең әрі шынайы бейнелеп, Абай атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы иегері атанды. Бұл шығарма тек тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, адам тағдыры мен ұлттық болмыстың күрделі байланысын ашады.

   Қабдеш Жұмаділов шығармаларының ерекшелігі – деректілік пен көркемдік үйлесімінде. Ол тарихи оқиғаларды құрғақ баяндап қоймай, оны адам тағдырымен, ішкі психологиялық толғаныспен байланыстыра отырып жеткізеді. Сол арқылы оқырман өткен дәуірдің тынысын сезініп, сол кезеңдегі халықтың жан күйзелісін, үміті мен арманын бірге кешеді. Бүгінгі таңда жазушы мұрасы тек әдебиеттанушылар үшін ғана емес, жас ұрпақ үшін де маңызды рухани бағдарға айналып отыр. Конференция барысында ғалымдар оның шығармаларының қазіргі оқырман тарапынан қабылдану ерекшеліктерін, баспа ісіндегі орнын, сондай-ақ тарихи романдарды жаңаша түсіндіру жолдарын жан-жақты талқылады. Бұл – әдебиетті заман талабына сай зерделеудің бір көрінісі.

        Конференция барысында әдебиеттанушылар, баспа ісінің мамандары және шетелдік ғалымдар тарихи романдардың қазіргі оқырманға әсері, олардың интерпретациясы мен басылым мәдениетіндегі орны туралы пікір алмасады. Бұл жиын Жұмаділов шығармашылығын жаңаша ғылыми тұрғыдан бағалауға мүмкіндік бермек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жұмаділов оқулары» жас зерттеушілер үшін де маңызды алаңға айналып отыр. Мұнда тек жазушы мұрасы ғана емес, жалпы қазақ тарихи романының дамуы, оның әлемдік әдеби үдерістегі орны да кеңінен талқыланады.

       Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұрасы – ұлт тарихының көркем шежіресі. Сондықтан да оның 90 жылдығына арналған бұл конференция әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, ұлттық руханият үшін де айрықша маңызға ие. Оның шығармалары арқылы қазақ халқының күрделі тарихы, тағдырлы кезеңдері, елдік мұраттары көркем тілмен өрнектелді. Сондықтан да оның мұрасы уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, қайта жаңғырып, жаңа буынмен қайта қауыша бермек. Жазушының 90 жылдық мерейтойына арналған мұндай ғылыми басқосулар – тек өткенді еске алу ғана емес, рухани сабақтастықты жалғау, ұлттық әдебиеттің бағыт-бағдарын айқындау. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұрасы – қазақ руханиятының алтын қазынасы ретінде әлі талай ұрпаққа қызмет етері сөзсіз.

Аяжан ТОҚТАСЫН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3-курс студенті